Биылғы чемпионатқа отандық команда жас спортшыларды апармақ
Испанияның Памплона қаласындағы каратэден WKF ережелері бойынша командалық әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа бүкіл әлемнен небәрі 20 команда қатысады. Олардың қатарында Қазақстан да бар.
Ұлттық құраманың қатарына 8 каратэші кірді. Олар: Қайсар Алтынбай, Жоламан Биғабыл, Нұрқанат Ажиканов, Әбілмансұр Батырғали, Данияр Юлдашев, Никита Тарнакин, Ғалым Асылхан және Диас Улбек.
Қазақстан құрамасы C тобында АҚШ, Франция, Косово және Грекия құрамаларымен бірге жарысқа түседі. Топтан тек екі команда ғана ширек финалға жолдама алады.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Тарек Абдесселемнің айтуынша, негізгі құрамдағы спортшылардың жарақат алуына байланысты оларды жастар алмастырған.
«Қазіргі таңда құрамамен Испанияға келіп үлгердік. Турнирге дайындалу үшін екі оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Соңғы бір жылда командада 3 негізгі спортшы жарақат алып, құрамаға жас каратэшілерді алдық. Сондықтан ерлер құрамасын қайта жасақтауға мәжбүр болдық», - деді Абдесселем.
Айта кетейік, 2021 жылғы әлем чемпионатында ерлер құрамасы тарихи қола жүлдеге қол жеткізген. Ал 2023 жылды үздік бестікпен түйіндеді. Жалпы есепте 2021-2024 жылдары аралығында құрама фавориттер қатарынан көрініп жүр.