Спортшы 2019 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған
Еркін күрестен Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы Франц Чамизо Астанаға келді.
Италияның белгілі балуаны осымен елордаға екінші рет келіп отыр. Ол 29 қараша күні астанада өтетін күрес кешінде ресейлік Анзор Закуевпен белдеспек.
Кубадан Италия азаматтығын алған балуан соңғы 10 жылда табысты өнер көрсетіп келеді. Спортшы 2019 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған.
Енді ол елордалық жанкүйерлерді кезекті рет өз өнерімен тәнті етуді көздеп отыр. 32 жастағы бозкілем шебері Токио Олимпиадасында 5-ші орынға тұрақтаса, Парижде іріктеу кезеңдерінен аса алмады. Дегенмен, ол 74 келіде әлем бойынша бәсі биік балуан болып саналады.
Айта кететін жайт, ол осыдан үш жыл бұрын қазақстандық әлем чемпионы Нұрқожа Қайпановпен күрескен еді.