Мырзабосыновтың өзі министр болғанға дейін дәл осы комитетті басқарған
Бүгін Мәжіліске келген Туризм және спорт министрінен тілшілер жаңадан тағайындалған Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің жаңа төрағасы Руслан Есеналин туралы сұрады.
Бұған дейін қоғамда Есеналин Мырзабосыновтың бұрынғы бапкері деген сыбыс тараған еді. Сондай-ақ, Мырзабосынов Солтүстік Қазақстанда жұмыс істегенде, Есеналин сол өңірдің спорт басқармасын басқарған.
Журналистер сауалына жауап берген министр комитеттің жаңа басшысын біліктілігі мен тәжірибесін ескере отырып тағайындадық деді. Ал, өзін Есеналин жаттықтырды деген қауесетті жоққа шығарды.
«Жоқ, бұл шындыққа жанаспайды. Мен Солтүстік Қазақстан облысында клубқа жетекшілік еттім. Сол кезеңде ол кісі де өңірде спортпен айналысты», - дейді министр.
Жаңа министр Есеналиннің сол кезеңдегі жақсылығын ұмытпады ма, әлде расымен де біліктілігін жоғары бағалады ма, әйтеуір өзінің орнына комитет тізгінін сеніп тапсырды.
Еске салайық, Мырзабосынов министр болғанға дейін дәл осы комитетті басқарған.