Бақыт Сәрсекбаев Олимпиаданы жеңген боксшылардың керексіз болып қалатынын айтты

Редактор
13.12.2024, 09:37

Ол боксшылар құрамадан кетіп қалған соң ешкім іздемейтінін жеткізді

ҰОК

Бокстан Бейжің олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев бүгінде керексіз болып қалған боксшылар туралы айтты.

Ол Олимпиадада үздік атанып, алтын медаль иеленген боксшылар құрамадан кетіп қалған соң ешкім іздемейтінін жеткізді. Боксшы «Берен Live» арнасына берген сұхбат барысында мәселе көтерді.

«Елімізде қаншама Олимпиада чемпиондары бар. Ермахан Ибраимов, Бақтияр Артаев, мен бармын, Данияр Елеусінов секілді басқа да чемпиондар бар. Соларға ұлттық құрамадан "Жігіттер, келіп бір жаттығу өткізіп беріңдерші. Балаларға мотивация беріңдерші" деп айтты ма? Ондай сұрақты ешкім қоймайды да. Тіпті айтпайды. Қазір кім қайда жүр, ол маңызды емес», - деді боксшы.

Белгілі спортшы сұхбат барысында кезінде Өзбекстан құрамасы сапында неліктен Олимпиадаға бара алмай қалғанын атаған болатын. Боксшыны өзбек бапкерлері ұлты үшін алалап, Афиныға апармаған. Осыдан кейін ол Тәжікстан атынан Олимпиадаға қатысуды көздеген. Алайда оған бокс қауымдастығы рұқсат бермеген көрінеді.

Бақыт Сәрсекбаев бұған дейін өзінің шетелде бапкерлік қызметте жүргенін айтқан болатын. Жақында еліміздің спорт министрі оны елге шақыру үшін ұсыныс жасалып жатқанын мәлімдеді.