Ол жүлделі орындар үшін сыйақы төлеуді талап еткен
Атыраулық спорт шебері жүлделі орындар үшін сыйақы төлеуді талап етіп, сотта жеңіске жетті. Бұл туралы inform.kz тілшісі жазды.
Атырау қаласының тұрғыны, спорт шебері, 2021 және 2023 жылдары өткен халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болғаны үшін Туризм және спорт министрлігіне сыйақы төлеу туралы өтініш білдірген. Алайда министрлік спорт ардагерлеріне сыйақы төлеуді қарастырмайтын Ережеге сілтеме жасап, өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан. Бұл шешіме келіспеген спортшы сотқа шағымданып, әділдікке қол жеткізді.
Спортшы 2021 жылы дзюдо бойынша Лиссабонда (Португалия) өткен жарыста, 2023 жылы Астана қаласында өткен Азия және Мұхит аймағы чемпионатында, Орал қаласында өткен самбодан әлем чемпионатында және Әбу-Даби (БАӘ) қаласында өткен дзюдодан әлем чемпионатында жүлделі орындарға ие болды.
Сот Спорт министрлігі бекіткен Ережелерге сәйкес, халықаралық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ ұлттық құраманың мүшелеріне жүлделі орындары үшін 100% көлемінде ақшалай сыйақы төленуі тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, Ережеде спорт ардагерлеріне сыйақы төлеуге тікелей тыйым салынбағаны да көрсетілген.
Осыған байланысты сот талапкердің шағымын қанағаттандырып, министрлікті спортшыға әлем чемпионаттарындағы жүлделі орындары үшін сыйақы төлеуге міндеттеді. Алайда, сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.