Қырғыз Айсұлу Тыныбекова әлемнің үздік балуаны атанды

Редактор
20.12.2023, 12:04

Ол Париж олимпиадасындағы басты фавориттердің бірі

Wrestlersarewarriors.com

Әйелдер күресінен әлемнің үш дүркін чемпионы, Токио олимпиадасының күміс жүлдегері қырғызстандық Айсұлу Тыныбекова 2023 жылдың қорытындысы бойынша әлемнің ең үздік балуаны атанды. Оның есімі тек Қырғызстанда ғана емес, төрткүл дүние спортында ерекше аталады.

Тыныбекова биыл Азия және әлем чемпионатында топ жарды. Қырғыз спортына серпіліс әкелген спортшы күзде Сербияда өткен дүниежүзілік біріншілікте өзінің мансабында үшінші алтынына қол жеткізді. Ол Орталық Азия елдері арасында күрес түрлерінен үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы спортшы.

Айсұлу Тыныбеков бұған дейін Азия чемпионаттарын да бірнеше рет жеңіп алған. Сондай-ақ, ол Азия ойындарының жеңімпазы, қола жүлдегері.

Біріккен күрес әлемі әйелдер күресінен бес балуанды жылдың үздік балуаны атағына үміткер етіп таңдаған болатын. Солардың ішінен таңдау қырғыз балуанына түсіп отыр.

Ал, ерлер арасында еркін күрестен әлемнің ең үздік балуаны болып Бахрейн атынан күресіп жүрген Дағыстан тумасы Ахмед Тажудинов танылса, грек-рим күресіндегі бұл атақ кубалық Луис Санческе берілді.