Нұрбек Оралбай мен Жәмила Бақбергенова Астананың үздік спортшылары атанды

Редактор
20.12.2023, 22:53

Пара спорт өкілдері де марапатталды

Фото ашық дереккөзден

«Қазақстан спортшылар одағы» Астанада жылдың үздік спортшыларын марапаттады. Елорда бойынша 2023 жылы үздік нәтиже көрсеткен спортшыларға салтанатты түрде сыйлықтар табысталды.

Ерлер арасында «Жыл спортшысы» номинациясы бокстан әлем чемпионы Нұрбек Оралбайға берілді. Ол 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында 80 келіде топ жарған.

Ал, әйелдер арасында Жәмила Бақбергенова «Жыл спортшысы атанды. Ол әйелдер күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері және жазғы Азия ойындарында күміс медальға ие болған еді. Жәмила Сербияда өткен әлем чемпионатында 72 келіде 3 жыл қатарынан жүлде әперген алғашқы отандық спортшы атанған.

Сондай-ақ, пара спорт түрлері бойынша әйелдер арасында «Жыл спортшысы» Ақмарал Науатбекке бұйырды. Ол пара дзюдодан биыл әлем чемпионы, сонымен қатар жазғы Азия Пара ойындарында үздік шыққан еді.

Пара дзюдодан жеңіл салмақтағы Ақмарал Науатбек өзі қатысқан айтулы бәсекелерде топ жарып үлгерді. Сондай-ақ, ол пара дзюдодан Азия Пара ойындарында ел тарихындағы бірінші алтынды әперген татами шебері.

Бұдан бөлек, пара дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия Пара ойындарының жеңімпазы Ерғали Шәмей, пара дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәурен Оразов та үздік деп танылды. Ал, бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асқар Еркебаев жылдың үздік бапкері атанып отыр. Ағайынды Айбек және Нұрбек Оралбайларды баптайтын Асқар Еркебаев әлем чемпионын шығарып қана қоймай, жазғы спартакиадада 80, 92 келі салмақта бірінші нөмірлі боксшылар екендіктерін қайта дәлелдей алды.