Абдулрашид Садулаев Дағыстанда Әлішер Ерғалиға естен кетпес демалыс ұйымдастырды

Редактор
20.12.2024, 09:29

Екі елдің балуаны кілемде қарсылас болғанымен өмірде дос ретінде араласады

әлеуметтік желі

Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Әлішер Ерғали Дағыстанға барды. Белгілі спортшының 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі қарсыласы, Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Абдулрашид Садулаев күтіп алған.

Бұл туралы отандық бозкілем шебері әлеуметтік желіде фотосуреттер жариялады. Сондай-ақ, жергілікті бірнеше балуан да демалыстан қызықты сәттер туралы жазба жариялап, қазақстан балуандармен достық туралы айтқан. Бұл сапарында Әлішер Ерғали дағыстандық спортшылармен бірге сол елдің көрнекті жерлеріне саяхат жасағаны белгілі болды.

Бұған дейін Абдулрашид Садулаев Алматыға бірнеше күнге демалысқа келіп, Алатау баурайындағы демалыс орындарына табан тіреген еді. Сол жолы ол Әлішер Ерғалимен арадағы достық туралы айтып, кілемде қарсылас болғанымен өмірде жиі араласып тұратынын жеткізген еді.

Әлішер Ерғали 97 келіде ұлттық құрама сапында Токио және Париж Олимпиадаларына қатысты. Алайда отандасымыз екі ойында да жүлдеден тыс қалды. Сондай-ақ, ол Азия чемпионы атанып, бірнеше халықаралық жарыста топ жарған.