Назым Қызайбай мен Төрехан Сабырхан ел чемпионатының үздіктері атанды

Редактор
25.12.2024, 00:38

Екеуі де финалда жұдырықтаспады

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Қарағандыда аяқталған республика біріншілігінің ең үздік боксшылары анықталды. 

Ерлер арасында 67 келіде сынға түскен Төрехан Сабырхан үздік деп танылса, әйелдер арасында Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай шеберлігімен ерекшеленді.

Айта кететін жайт, Назым Қызайбай бұл біріншілікте олимпиадалық емес салмақ саналатын 48 келіде топ жарып отыр. Ол финалда қызылордалық Ақбота Болатпен шеберлік байқасуы тиіс болған еді. Алайда, жарақатына байланысты Ақбота финалдық жекпе-жекке шыққан жоқ.

Сондай-ақ, жастар құрамасынан ересектер сапына ауысқан Төрехан да финалдық жекпе-жегін өткізбей чемпион атанды. Оның тәжірибиелі қарсыласы Санатәлі Төлтаев жарысқа бірнеше сағат қалғанда сырқаттанып қалған. Маңғыстау облысының бас бапкері Ердос Жаңабергеновтің айтуынша, Санатәлінің бүйрегінде тасы қозғалып, ол жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. 

Еске салайық, биыл қазан айында Төрехан Сабырхан жастар арасында әлем чемпионы атанған болатын. Сондай-ақ, ол жасөспірімдер және жастар арасында Азия чемпионатын төрт рет жеңіп алған.

Қарағанды өткен ел чемпионатына жақында ғана Азия біріншілігінде жүлде алған боксшылар қатыспады. Таиланда өткен құрлық біріншілігінде еліміздің боксшылар 10 жүлде иеленген еді. Оның ішінде ерлерден 5 боксшы Азияның үздігі атанды.