Ол бірнеше күрестің түрімен айналысып, үлкен нәтижеге жеткен
Моңғолия астанасы Ұланбатырда дзюдодан 2025 жылғы ел чемпионаты өтіп жатвыр. +100келіде күрескен жергілікті қазақ балуаны Серік Бердімұратұлы финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды.
Серік осымен Моңғолия чемпионатында төртінші медаль олжалады. Бұған дейін 2019 және 2020 жылдары -100 келіде топ жарған. 2022 жылы қола медальға ие болған еді.
Тәжірибелі балуан ел біріншілігінің алғашқы айналымында байырғы қарсыласы Жамбалцэрэннен айласын асырды. Одан кейінгі екі белдесуде де қарсыласынан жеңіліп жатып, жеңісті жұлып алды. Ал, финалда Гранд Слэм турнирлерінің жеңімпазы әрі жүлдегері, Азия ойындары, Азия чемпионатының жүлдегері Гончигсүрэннен жеңілді.
Айта кету керек, Серік Бердімұратұлы күрестің бірнеше түрінен спорт шебері. Ол – самбодан 2020 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Сондай-ақ, қазақ күресі, өзбектің курашынан халықаралық додаларда атой салған. Қазақ күрестен Азия чемпионы. Сонымен қатар, моңғолдың ұлттық күресінен мемлекеттік ПІЛ дәрежелі балуан.