Депутаттар «Астана» велокомандасына алты жылда 31,5 миллиард теңге жұмсалғанын айтқан
«Астана» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров спортты қаржыландыру мәселелеріне тоқталды.
Естеріңізде болса, бұған дейін Мәжіліс депутаттары «Астана» велокомандасына алты жылда 31,5 миллиард теңге жұмсалғанын, сөйте тұре олар ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетпегінін айтып сынаған.
Винокуров Tengri Sport-қа берген сұхбатында жаңа маусымда клуб бюджеті тағы артқанын тілге тиек етті. Дегенмен бұрын команда шығынының басым бөлігін мемлекет өтесе, енді 60 пайыз бюджетті қытайлық инвесторлар беріп отыр.
«Бүгінде біздің бюджет 22 миллион еуро (12 миллиард теңге шамасында – редакция). Бұл орташа бюджетке де жетпейді, себебі көшбасшылардың бюджеті 55-60 миллион еуроны құрайды. Мысалы, 10 жыл бұрын 20 миллионмен Гранд-турларда жеңіске жетуге болатын еді, ал қазір статистика мүлде бөлек. 70-ден астам велошабандозға жылына миллион еуро жалақы төленеді», – деді Винокуров.
Сол 22 миллионның 60 пайызын қытайлық компания берсе, қалған 40 пайызын «Самұрық-Қазына» құйып отыр. Осы орайда «Астана» клубы қай елге тиесілі екен?» деген сауал да көпшілікті қызықтырады.
«Қазақстандық. Команданың тіркелген жері ретінде Қазақстан көрсетілген. Халықаралық велосипедшілер одағын ашсаңыз, Қазақстан деп тұрады», – деп жауап берді ардагер шабандоз.
Қытайдан келетін қаржыландыру алдағы уақытта ұлғаюы мүмкін бе? Бас менеджер бұл сауалға былай деп жауап қатты:
«Бұл өте қиын сауал. Негізінен акционерге, спорт министрлігіне қойылатын сұрақ шығар. Егер олар қаласа, Қытаймен сөйлесуге болады. Бірақ көбірек ақша құятын адамның талабы да өсетінін ұмытпау керек. Бизнесмен ретінде бюджеттің 80 пайызын жауып отырсам, онда басқа шарттар қоятыным анық. Бұған ел дайын болса, неге көрмеске?».
Бұдан бөлек Винокуров қаржының қайда жұмсалатынын да түсіндірді.
«Бюджеттің басым бөлігі шабандоздар мен қызметкерлердің жалақысына кетеді. Меніңше, бюджеттің 65-70 пайызы айлыққа кетеді. Қалғаны – команданың логистикасы мен инновациялары. Сен қай уақытта да алда болуға тырысуың керек. Велосипед, оған қажетті құрылғылар. Тестілеуді жақсартуың қажет. Мұның бәрі ақша.
Киім денеде құйып қойғандай тұруы үшін шабандоздардың аэродинамикасымен жұмыс істелінуі керек. 20 жыл бұрын жейдемен жүре беретінбіз, ешкім мән де бермейтін. Қазір шабандоздардың бәрі тап-тұйнақтай. Каскасына дейін бар. Әрбір секунд қымбат, сондықтан жылдамдық та арта түскен», – деді менеджер.