«Қазақстанды білмейтіндер көп». Есбол Сұлтанов Туниске кеткенде не үшін сыналғанын айтты

Редактор
23.01.2025, 16:11

Сұлтанов Париж олимпиадасында Туниске тарихи алтын медаль сыйлаған

Gettysport

Таеквондодан 2024 жылдың үздік бапкері атанған қазақстандық Есбол Сұлтанов Тунис құрамасында жұмыс істеген уақытын есіне алды.

Естеріңізде болса, Сұлтанов Париж олимпиадасында Туниске тарихи алтын медаль сыйлаған. Бапкер әріптесіміз Ақырыс Сейітқазыға берген сұхбатында ол елге алғаш барғанда сынға ұшырағанын айтты.

«Тунисте таеквондоға деген қызығушылық ерекше. Сондықтан олар бұл спортқа қатты мән береді. Ал Қазақстанды таеквондо әлемінде аса танымал деп айта алмайсың. Тунисте Қазақстанның барын білмейтіндер де көп. Тиісінше қазақ бапкері жұмысқа келгенін естігенде көптеген сын болды. Бірақ сын кәсіби тұрғыда айтылады, яғни жан-жақты сараптама жасалып, түрлі фактілер келтіріледі.

Арада бір ай өткенде Гран-приге барып, Тунис құрамасы екі алтын медаль алды. Жалпыкомандалық есепте бірінші орын алдық. Бұрын бір алтын алмаған ел екі бірдей алтынмен оралды. Бұл бұған дейінгі бапкерлердің жұмысының нәтижесі дедік. Ол рас. Себебі бір айда керемет нәтижеге жету мүмкін емес. Бірақ ниеттендік, сол жолда жұмысымызды жалғастырдық. Үш-төрт айдан соң Париж олимпиадасына лицензиялық турнир өтіп, сол жерде төрт жолдама алдық. Сол уақытта бұған дейін сынағандар шынымен де мойындап, біраз жұмыс істелгенін, балалардың бойында, өнерінде өзгеріс барын алға тартты. Ол жақта сынға федерация президенті кәдімгідей жауап береді. Ашықтық бар», - деді бапкер.