Албаниядағы Әлем чемпионатынан кейін ол жарысқа қатыспаған
Әйелдер күресінен еліміздің үздік балуаны, әлем чемпионатының 4 дүркін жүлдегері Жәмила Бақбергенова ақпан айында бозкілемге оралатынын айтты.
Еске салайық, Жәмила соңғы рет былтыр күзде Тиранада (Албания) өткен әлем чемпионатына қатысып, күміс жүлдегер атанды. Содан бері ол ешқандай жарысқа қатыспаған.
«Қазір ауылдамын. Үйде жаттығу жасап жүрмін. Жақын арада Бішкекке барамыз. Сонда оқу-жаттығу жиының өткіземіз.
Биылғы алғашқы жарысым ақпан айында Беларусь елінде өтетін «Медведь» турнир болады. Сол жерде бағымды сынаймын», - деді ол 1bol.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, Жәмила Бақбергенова әлем чемпионатында төрт рет жүлде алған. Соңғы жарыстың финалында ол жапон балуаны Ами Ишиге есе жіберіп, күміс медальды қанағат тұтты.
Айта кетейік, Минскте жыл сайын КСРО спорт шебері, 3 дүркін Олимпиада және 7 дүркін әлем чемпионы Александр Медведь турнирі өтеді. Биыл бұл жарыс 54-ші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл турнир 2022 жылға дейін Біріккен күрес әлемінің (UWW) күнтізбесінде болып, Гран При статусымен өтіп келген. Алайда, Ресей мен Беларусқа санкция салынған соң аталған статусынан айрылып қалды.