«Өсек-аяңды ысырып қойдық»: Дәулет Тұрлыханов федерациядағы жұмысы туралы айтты

Редактор
27.01.2025, 13:01

Мәжіліс депутаты өзі басқаратын күрес ұйымының мақсатына тоқталды

instagram.com/daulet_bolatuly_turlykhanov

Еліміздің грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов қаңқу сөздерге қатысты жауап берді.

Мәжіліс депутаты өзі басқаратын күрес ұйымының маңайындағы алыпқашпа әңгімені ысырып қойып, барлық назарды күреске аударғанын айтады. Бұл туралы ол ұлттық арнаның “Таңшолпан” бағдарламасында атап өтті.

«Біздің күрес саласына кедергі болған мәселе - ол алыпқашпа сөз, өсек-аяң болатын. Соның барлығын ысырып қойып, жұмыс атмосферасын қалыптастардық. Бүгінгі күні біздің жақсы балуандарымыз жетерлік. Олардың бірі Ризабек Айтмұқан. Ол 20, 23 жастағылар және ересектер арасында әлем чемпионатында топ жарды. Біздің елдің тарихында мұндай жетістік бұған дейін болмаған. Грек-рим күресінде де жоқ. Ризабекке ақылымды үнемі айтып отырамын. Жеке бапкері әкесіне осыны айттым. Әлі де кемшіліктері бар. Алдағы Олимпиада ойындарына Ризабекті қатысады деп жоспарлап отырмыз. Бірақ бұған әлі әрте, шулатып айтуға болмайды. Қалай күреседі, соған қарау керек. Әрі психологиялық жағынан ол шыдай алмауы мүмкін. Одан басқа Нұрқожа Қайпанов 70 келіде әлем чемпионы атады. Бұрын неге болмаған. Грек-рим күресінен Тараз қаласының балуаны күміс жүлдегер атанды», - деді Дәулет Тұрлыханов.

Былтыр Қазақстан балуандары Олимпиада ойындарынан жалғыз күміспен оралған болатын. Ол жүлдені грек-рим күресінен Демеу Жадыраев 77 келіде иеленді. Сонымен бірге, олимпиадалық емес салмақ дәрежелері бойынша өткен әлем чемпионатында еркін күрестен Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионы атанса, грек-рим күресінен Ержет Жарылқасын пен әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова күміс жүлдегер атанды. Сонымен бірге, Ризабек Айтмұқан 20, 23 жасқа дейінгі жастар арасында қос әлем чемпионатында жеңімпаз болды.