Қазақстандық балуан АҚШ-тың ұлттық құрамасымен бірге жаттығып жүр

Редактор
27.01.2025, 15:11

Сурдо грек-рим күресінің балуаны Нұржан Асан жоғары нәтижелер көрсетіп үлгерді

Видеодан кадр

Сурдо грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Нұржан Асан қазіргі уақытта АҚШ құрамасымен бірге жаттығып жатыр.

Бұл туралы спортшы 1bol.kz тілшісімен болған әңгіме барысында мәлімдеді. Спортшының сөзінше, ол аталған оқу-жаттығу жиынына қырғыздың танымал балуаны Жоламан Шәршенбеков те қатысып жатыр.

«АҚШ-тың грек-рим құрамасымен бірге жаттығып жатырмын. Бұл топта Камал Бей, қырғызстандық Жоламан Шәршенбеков сынды Олимпиада жүлдесін алған спортшылар бар. Біз жаттығып жатқан кешенде Олимпиада жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы Джейден Коксты жиі көремін. Оның бөлмесіне арнайы барып, жүлделерін көрдік. Бір залда көретіндіктен арасында ойнап, күресеміз. Ол еркін күрес болғандықтан біздің жаттығу бөлек өтеді», - деді Нұржан Асан.

Сурдо грек-рим күресінің балуаны Нұржан Асан халықаралық деңгейдегі жарыстарда ел намысын қорғап жүрген танымал балуан. Нұржан түрлі турнирлерде жоғары нәтижелер көрсетіп үлгерді.

«Бұл жаққа мұхит асып, жақсы дүние жасағым келеді. Мол тәжірибе жинап, нәтиже көрсетсем деген ойдамын. Бапкерім мен достарыма виза бермеуіне байланысты олар келе алмады. Биыл қарашада біздер үшін Сурдолимпиада басталады. Наурызда лицензиялық турнир бар. Қазір мұнда мен сурдо емес, олимпиадалық құрамамен бірге жаттығып жатырмын», - деді отандасымыз 1bol.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Нұржан 2022 жылы Бразилияда өткен XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарына қатысқан. Сондай-ақ, АҚШ-та өткен «BILL FARRELL Memorial» халықаралық турнирінде күміс жүлдеге ие болды. Ал 2023 жылы Қазақстан чемпионатында 82 кг салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды.

Материалда: