Жарысқа әлемнің танымал балуандары келеді
Алматыда өтетін кәсіпқой күрес лигасы (PWL 8) турниріне грек рим күресінен екі дүркін әлем чемпионы, Олимпиаданың күміс және қола жүлдегері қырғызстандық Ақжол Махмұдов та қатысатын болды. Ақжолдың қарсыласы – әлем чемпионатының алтын және күміс жүлдегері Францияның намысын қорғайтын мысырлық легионер Ибрагим Ганем.
Қос балуан бұған дейін күреспеген. Себебі балуандар екі түрлі салмақта өнер көрсеткен: Ақжол – 77 келі, ал Ганем – 72 келіде.
Ақжол Махмұдов кеше Германияның Шонрдорф клубы сапында өнер көрсетіп, командасымен Бундеслиганың чемпионы атанды. Бұл турнирде Ақжол жеті белдесу өткізіп, оның бесеуінде жеңіске жетті.
Ал, Ганем соңғы рет 2024 жылы Тиранадағы әлем біріншілігінде бақ сынап, күміс медальға ие болды. Финалда ол әзербайжандық Улви Ганизадеге есе жіберген.
Ақжол осымен Алматыдағы PWL лигасына екінші рет қатыспақ. 2023 жылы PWL 4 турнирінде ол екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін әлем чемпионы ресейлік Роман Власовпен күрескен еді. Ол белдесу 1:1 есебімен аяқталып, күрес ережесі бойынша соңғы ұпайды Ақжол алғандықтан жеңіс қырғыз балуанына берілген.
Қазіргі таңда Ақжол Махмұдов Алматыға келіп, оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр.
Айта кетейік, PWL 8 турнирі 25 ақпан күні «Балуан Шолақ» аренада өтеді. Турнирде қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан мен АҚШ-тың даңқты балуаны Кайл Снайдер белдеседі деп күтілуде.