Спортшыны жанкүйерлерімен бірге Ақтөбе қаласының әкімі де күтіп алды
Қытайда каратэден Азия ойындарының жеңімпазы атанып, туған жеріне оралған Нұрқанат Әжіқановқа жерлестері құрмет көрсетті. Шығыс жекпе-жегінің шеберіне құрлық ойындарындағы жоғары нәтижесі үшін ақтөбеліктер қаржылай сыйлық табыстады.
75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен ұлттық құрама мүшесі барлық қарсыластарынан басым түсті. Ол финалда иорданиялық Хасан Масарвені 8:0 есебімен ойсырата жеңіп, Қазақстан қоржынына Азия ойындарындағы 8-ші алтын жүлдені салған еді.
Туған жері Ақтөбеге оралған спортшыны жанкүйерлері күтіп алып, салтанатты рәсімде 2 млн теңге ақшалай сыйақы тарту етті. Айтулы жетістікке жеткен спортшыны әуежайдан қала әкімі Азамат Бекет те қарсы алып, оған қала тұрғындары атынан алғыс білдірді.