Арыстанбек Мұхамедиұлы 38 млрд теңгеге салдыртқан Щучинсктегі трамплин қаңырап бос тұр

Редактор
29.01.2025, 10:05

Нысанның әуел бастағы шығыны 9,34 млрд теңге болады деп есептелген

newtimes.kz

Кезінде Арыстанбек Мұхамедиұлы Спорт министрі болып тұрғанда Щучинск қаласынан ашқан тау-шаңғы трамплині қаңырап бос тұр деп жазды NewTimes.kz. Құрылысына мемлекеттік бюджеттен қайта-қайта ақша бөлдіріп, ақыры 38 млрд теңге жұмсалған нысан Орталық Азиядағы ең қымбат трамплин болып есептеледі.

Есте болса, 2017 жылы Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының депутаты министр Арыстанбек Мұхамедиұлына трамплин құрылысы созылып кеткенін және әуелдегі бағасынан 4 есеге дейін қымбаттағанын айтқан болатын. Ол кезде министр құрылыс материалдарының жыл сайын қымбаттап жатқанын айтып құтылған еді.

Кешеннің құрылысы 12 жылға созылып, ақыры 2018 жылы салтанатты түрде ашылды. Ашылуына сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келді.

Алайда, трамплин содан бері спортшыларға айтарлықтай пайдасын тигізбепті. Өйткені, қыста бұл жерде жиі жел тұрып, ауа температурасы да төмен болады. Жалпы, Щучинсктің климаты мұндай нысанға арналмаған дейді мамандар.

Спортшылар мұнда тек жазда келіп жаттығады. Қыс бойы олар Алматыдағы «Сұңқар» кешенінде дайындалады. Соған қарамастан жыл сайын нысанды ұстап тұруға бюджеттен 472 млн теңге бөлініп келеді екен.

Мамандар осынау шаңғы трамплинін ақылсыз салынған қымбат нысан дейді. Тіпті, оны Астанадағы LRT-мен салыстыратындар да көп. Оның құрылысына 2024 жылдың соңына дейін 3,6 трлн теңге жұмсалыпты. Соның өзіне нысан әлі бітпеген.