Енді спортшылардың діншілдік мәселесі заңмен қаралады

Редактор
29.01.2025, 12:38

Спорт федерациялары діни экстремизмге қарсы шаралар қабылдайды

Әлеуметтік желі

Мәжіліс дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады.

Баяндама жасаған депутат Нартай Аралбайұлының айтуынша, жоғары жетістіктер спортына жататын спорт түрлерін шектеу ұсынылады. Осы мақсатта Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Параазиада ойындарының бағдарламасына енгізілген спорт түрлерін саралау алынып тасталады.

Бұл ретте Туризм және спорт министрлігі халықаралық жарыстарда жеңіп алған медальдардың қорытындысы бойынша басымдық берілетін спорт түрлерін бекітеді. Ұлттық спорт түрлері енді басым спорт түрлерінің қатарына енеді.

Заңда спорт федерацияларын аккредиттеудің сатылы моделін құру көзделген. Яғни, енді жергілікті аккредиттелген спорт федерацияларының республикалық немесе облыстық спорт федерациясына мүше болуы талап етіледі.

Сондай-ақ заңда спорт федерацияларының діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын қабылдау міндеті қарастырылған. Туризм және спорт министрлігінің жеке құзыреттерін шамадан тыс заңнамалық реттеу нормаларын алып тастау көзделген. Туризм, дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметті мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары, мақсаттары мен міндеттері нақтыланды.

Айта кетейік, бұған дейін туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет үйінде баспасөз мәжілісінде дін мәселесі бойынша арнайы жол картасы әзірленгенін айтқан еді.