«Ақтөбе» футбол клубына 2,4 млрд жұмсалады
Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының жаңа басшысы Мейрамбек Махамбетов 2025 жылға арналған жоспарларын жариялады. Биыл өңірде бірқатар ірі спорттық нысандардың құрылысы басталады. «Ақтөбе» футбол клубына 2,4 млрд теңге қарастырылып, легионерлердің жалақысы бюджеттен тыс қаражат есебінен төленбек.
Атап айтқанда, Алтын орда тұрғын алабында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған заманауи спорт кешені ашылады. Сондай-ақ 35 мың адамға арналған жаңа стадионның құрылысы қолға алынып, 5 мың орындық спорт аренасы салынады.
«Биыл «Ақтөбе» футбол клубына 2,4 млрд теңге бөлінді. Қазақстан чемпионаты, Қазақстан Кубогінде жоғары жетістіктерге жету талабы қойылып отыр. Сонымен бірге халықарылық жарыстар бар. Қазіргі кезде легионерлерге жалақы төлеуге қатысты өзгерістің құжатын күтіп отырмыз. Заң нормалары қолға тиген соң бюджеттен тыс жалақы төлеу қарастырылады. Бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. Ал шағын футболдан ересектер командасына 450 млн теңге, балалар футбол орталығына 300 млн, әйелдер футболына 100 млн теңге бөлінді», — деді Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов kaz.inform.kz тілшісіне берген пікірінде.
Өңірдегі спорттық командаларға да қомақты қаржы бөлінді. Хоккей клубының бюджеті 1 млрд 290 млн теңгені құрайды, оның ішінде ересектер құрамына 620 млн, жастарға 340 млн, академияға 330 млн теңге бөлінді. Бұл спорт түрінде де легионерлерге мемлекеттік қаржы жұмсалмайды.
Баскетболға бөлінген қаражат 136 млн теңгені құрайды: оның 91 млн теңгесі жастар командасына, 45 млн теңгесі әйелдер құрамына бағытталған.
Жалпы, Ақтөбе облысының спорт саласына 21 млрд теңге қарастырылған.