Молдовалық балуан оны бозкілем үстінде шыр айналдырды
Тиранада (Албания) күрес түрлерінен екінші әлемдік рейтингтік турнир басталды. Жарыстың бірінші күні Ресейден алдыртқан қазақстандық легионер Начын Куулар 70 келіде бақ сынады.
Айта кету керек, ол Қазақстан атынан алғаш рет халықаралық жарысқа қатысып жатыр. Оның көк ту астындағы алғашқы турнирі осылайша өте сәтсіз аяқталды. Бірінші айналымда Начын молдавалық Диакон Вазилемен белдесуге шыққан болатын. Вазиле қазақстандық балуанды бозкілем үстінде шыр айналдырып, белдесу аяқталуға 1 минут қалғанда таза жеңді.
Начын Куулар 2024 жылы Қазақстан азаматтығын алған. 2024 жылы 65 келіде ел чемпионатын 3-орынмен аяқтаса, Қазақстан кубогында 70 келіде күресіп, жеңімпаз атанған болатын.
Тиранадағы жарыс 2 наурызға дейін жалғасады. Турнирге Қазақстаннан 47 балуан қатысып жатыр.