Қазақстан құрамасының үздігі Бибісара Асаубаева көшбасшылық позициясын жоғалтты
Монакода әйелдер арасындағы әлемдік Гран-при турының үшінші кезеңі аяқталды. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасының үздігі Бибісара Асаубаева көшбасшылық позициясын жоғалтты. Бұл туралы Zakon.kz жазды.
Монакода өткен жарыста қазақстандық шахматшы өте сәтсіз өнер көрсетті. Бұл оның алдыңғы жарыстардағы нәтижелеріне мүлде сай келмейді.
Блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Гран-при турының үшінші кезеңін ең соңғы – 10-орынмен аяқтады. Асаубаева бұл турнирде бірде-бір жеңіске жете алмады: үш рет жеңіліп, алты ойынды тең нәтижемен аяқтады.
Қазақстандық шахматшының сәтсіздігін ресейлік Александра Горячкина пайдаланып кетті. Ол FIDE Гран-при турының үшінші кезеңінде жеңіске жетіп қана қоймай, қазіргі уақытта жалпы есепте көш бастады.
Орск қаласынан шыққан 26 жастағы гроссмейстер 236,67 ұпай жинап, бірінші орында тұр. Одан кейінгі орындарды Бибісара Асаубаева (197,5 ұпай) мен қытайлық Тань Чжунъи (170 ұпай) иеленіп отыр.
Аталған жарыстың келесі кезеңі 14-25 наурыз аралығында Кипрде өтеді.