Ол өз салмағының басты фавориті ретінде жарысқа келеді
Париж Олимпиадасында Тедди Ринермен белдесу кезінде кикілжіңге барып, кейін арнайы комиссия шешімен жарыстан бірнеше айға шеттетілген грузиялық Гурам Тушишвили алғаш рет үлкен жарысқа қатысады.
Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері ертең Аустрияда басталатын Гран При турнирінде сынға түспек. Ол аталған жарыстың басты фаворитіне баланып отыр. Алғашқы айналымды бос өткізетін грузин дзюдошысы келесі кезеңде Өзбекстан-Аустрия балуандары жұбының жеңімпазымен белдеседі.
Гурам Тушишвили Париж Олимпиадасында ширек финалға дейін жетіп, даңқты дзюдошы Тедди Ринерден оңбай жеңілген еді. Сол сәтте эмоцияға ерік берген ол Ринерге қол жұмсап, артынша тіпті теуіп те жіберген. Артынша жұбаныш белдесуінде күресу мүмкіндігінен айрылып, жарыстан шеттетілді.
Грузия балуаны бұған дейін әлем чемпионатында топ жарып, үш мәрте Еуропа чемпионы атанған. Сондай-ақ, екі рет Еуропа ойындарында үздік шықты.
Айта кететін жайт, 7-8 наурыз күндері Аустрияның Линц қаласында өтетін әлемдік Гран-при кезеңінде әлемнің 52 елінен 438 дзюдошы қатысады. Олардың қатарында Қазақстан ұлттық құрамасының 14 балуаны бар.