Біздің ұлттық құрама командалық есепте бірінші орын алды
Латвия астанасы Ригада дзюдодан Еуропа кубогі жолындағы құрлықтық жарыс өтті. Турнирге 22 елден 166 (120 – ер, 46 – әйел) балуан жиналды.
Аталған жарысқа Қазақстаннан алты дзюдошы барып, оның төртеуі жүлдемен елге оралды. Атап айтқанда, Дастан Жұмажанов (73 келі) пен Мейіржан Әбдімәліков (+100 келі) алтын алса, Айбек Жақашов (73 келі) пен Махамбет Даткин (81 келі) күміс медаль олжалады. Ал, екі дзюдошы 5-орынмен жарысты аяқтады. Олар – Шаратов Абылайхан (66 келі), Қайруллаұлы Дархан (73 келі).
2 алтын, 2 күміс медальға ие болған Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 1-орынға ие болды. 2 алтын, 1 күміс медаль алған Хорватия құрамасы 2-орынға тұрақтаса, 2 алтын, 4 қоласы бар Нидерланд үздік үштікті түйіндеді.