Ол биылдың өзінде бірнеше турнирге қатысуы мүмкін
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов дзюдодағы мансабын қазір аяқтамайды. Англиядан оралған соң ол жаттығуын күшейтіп, жарыстарға қатыса бастайды. Бұл туралы балуанның жеке бапкері Ғалым Жылгелдиев Sportbugin.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Қазіргі таңда Елдос Англияда тіл курсында оқып жатқаны белгілі. Мамыр айында ол елге оралады.
«Елдос қазір Лондонда. Бұйырса, мамырда елге оралады. Қазір тіл үйреніп, арасында жаттығуын да жасап жүр.
Мен өзім Таразда, кішкентай шәкірттеріммен біргемін. Ұлттық құрамада жоқпын. Елдос әрі қарай күресемін деген соң, әдеттегідей тек Сметовпен жұмыс істеймін деп шештім.
Елдос елге оралған соң, жаттығуды күшейтеді. Содан кейін қандай жарысқа қатысатынымызды да бағамдай жатармыз. Елдос қазір тарихты жаңартсам, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасында күрессем деп жүр. Енді әрі қарай дайындаламыз», — дейді Жылгелдиев.
Париж Олимпиадасынан кейін даңқты дзюдошы ешқандай жарысқа қатысқан жоқ. Десе де ол Лос-Анджелестегі келесі Олимпиадаға қатысуға ниетті екенін жасырмайтын.