Олимпиада ойындарында жетістікке жетуге ұмтыламыз – Александр Винокуров

Редактор
05.01.2024, 09:27

Astana Qazaqstan Team 2024 жылы өз деңгейіне қайта орала ма?

astana-qazaqstan.com

Александр Винокуров Astana Qazaqstan Team клубының өткен жылғы аяқ алысына баға берді. Ол 2023 жылды бүкіл «Астана» жобасының серпінді даму жылы деп атады.  

Ол Париж олимпиадасының қарсаңында команда мүшелері биіктен көрінуге барын салатынын алға тартты.

«2024 жылы Парижде Олимпиада ойындары өтеді. Командамыз үшін бұл өте маңызды. Қазақстандық спортшылар елімізді лайықты таныту үшін барынша байыпты дайындалатын басты жарыс. Біздің бүкіл жобамыз үшін Олимпиада – белгілі бір нәтижелерді қорытындылайтын сәт. Шабандоздарымыздың Олимпиада ойындарында жетістікке жетуге мүмкіндігі бар және біз соған ұмтыламыз», - деді А.Винокуров.

Сондай-ақ, ол Astana Qazaqstan Team 2024 жылы өз деңгейіне қайта орала ма деген сауалға жауап берді.

«Біз табысқа сенеміз, бірақ бұл өткен жылдардағы «Астанадан» өзгеше болады. Бізде тамаша, біркелкі құрам бар. Жаппай спринттің, бір күндік және классикалық жарыстардың жаңа саласында тамаша жұмыс істедік. Олимпиадада біз өзіміздің мықты екенімізді дәлелдеуіміз керек. Әрине, «Астана» әрқашан Гранд-турда алдына жоғары мақсат қоятын команда ретінде танымал болған. Бірақ енді мұны тоса тұру керек. Командада суперкөпкүндіктерде өздерін көрсете алатын шабандоздар жетерлік. Бізде бір үміт бар. Бірақ әзірге жеңіс тұғыры үшін күресу өте қиын. Тынбай еңбек ету арқылы біз осы жоғалған позицияларды қайтара аламыз. Ал әзірше біз өткен жылдардағы «Астана» жобасымен тығыз байланысты болған жеңістің дәмін толық қалпына келтіру үшін спринтке, классикаға және шағын көпкүндік жарыстарға назар аударамыз», - деді клуб менеджері.