Даңқты балуанның жолына кедергі осымен үшінші рет қойылып отыр
Күрес түрлерінен екінші жыл қатарынан Еуропа чемпионатынан тыс қалған екі дүркін Олимпиада чемпионы дағыстандық Абдулрашид Садуллаев әлеуметтік желіде жазба жариялады.
Бұған дейін оның Словакияда өтетін құрлық біріншілігіне бара алмайтыны туралы жазған болатынбыз. Даңқты балуанға бұл жолы да виза берілмеген. Десе де, ол виза алудан әлі де үмітін үзбегенін айтқан еді. Енді жағдайға көндіккенін айтып отыр.
«Үлкен өкінішпен Еуропа чемпионатына менің қатыса алмайтынымды хабарлаймын. Тарих тағы қайталанды – мен дайын едім, жігерлі болдым, бар назарымды жарысқа бағыттадым, бірақ Словакияға кіруге виза ала алмадым. Бұл оқиғада сұрақ көп, жауап аз… Бірақ бір нәрсеге анық сенемін – бәрі Алланың қалауымен болады. Біз ер азаматпыз – сынақтарды сабырмен қабылдап, лайықты өтуіміз керек. Бұл жағдайдан сабақ алып, алға қарай жүреміз. Командадағы барша бауырларыма бар күш-жігерлерін салып, жарақатсыз өнер көрсетуін тілеймін!», - деп жазды балуан.
Абдулрашид Садулаев өткен жылы ақпан айында Бухаресте өткен Еуропа чемпионатына барып тұрып, виза мәселесі бойынша кеден бекетінен кері қайтуға мәжбүр болған еді. Ал сәуір айында халықаралық Олимпиада комитеті оған Бакуде өткен лицензиялық турнирге қатысуға шектеу қойды.
Еркін күрестен 97 келіде күресетін ол бұған дейін Олимпиада ойындарында 2 мәрте топ жарса, әлем чемпионатында 5 рет үздік атанды.
Садулаевтың жолына дәл осылай кедергі қойылуына не себеп екені нақты айтылмайды. Дегенмен, Ресей билігінің Украинаға ашқан соғысынан кейін Садулаев қана емес, көптеген спортшы халықаралық жарыстарға қатысу мүмкіндігінен ресми айрылды.