Осылайша танымал спортшының еркін күрестегі жолы осымен аяқталды
Еркін күрестен әлем чемпионы Хетаг Цаблов антидопинг ережесін дұрыс ұстанбағаны үшін алты жылға үлкен спорттан шеттетілді.
33 жастағы спортшы «Фальсификация» бабы бойынша қабылданған шешімге сәйкес, допинг-сынаққа келмеу, жалтару немесе тапсырудан бас тарту бойынша кінәлі деп танылып отыр.
Белгілі балуан бұрын Ресей құрамасында өнер көрсетіп, кейін Сербия құрамасына ауысқан болатын.
Оған салынған шектеу 2024 жылдың 28 маусымнан бастап есептеледі. Осылайша танымал спортшының еркін күрестегі жолы осымен аяқталды деуге болады. Себебі, оның 39 жаста бозкілемге оралу мүмкіндігі физикалық тұрғыда төмен екені белгілі.
Хетаг Цаболов 2014 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында 70 келіде топ жарған еді. Ал 2017 жылы Будапеште 74 келіде финалға шығып, әйгілі Джордан Барроузға есе жіберді. Ал 2023 жылы Сербия атынан күресіп, қола жүлдеге ие болды. Париж Олимпиадасына қатысқан балуан бесінші орынға тұрақтады. Ол ширек финалда жапон балуанынан ірі есеппен жеңілді. Ал қола жүлде үшін күресте әйгілі америкалық балуан Кайл Дейкке жол берді.