Ұлттық құрама қазір Азия чемпионатына дайындалуда
Дзюдодан ұлттық құрама сапында 2021 жылға дейін күресіп, кейін бапкерлік қызметке кіріскен Елдос Жұмақанов елімізге келген шетелдік бапкерлерді сынға алды. Атап айтқанда, Ресейден алдыртқан маман Эцио Гамбаға көңілі толмайтынын жасырған жоқ.
Бұл туралы Жұмақанов журналист Ақырыс Сейтқазының YouTube-каналына берген сұхбатында айтты.
«Ұлттық құрамаға бапкер болып кіргеніме 4 жыл болды. Осы уақыт ішінде бір алтын, бір қола алып келгеніме өте ризамын. Спортшы ретінде жетпеген жетістіктерге шәкірттерім жетсе екен деймін.
Қазір ұлттық құрамадан кетіп қалдым. Оның да өзіндік себептері бар. Бүгінде командаға Эцио Гамба деген өте білікті маман келді. Ол әлем бойынша қаншама Олимпиада чемпиондарын шығарған бапкер. Бірақ бұл жерде де түйткілді нәрселер бар. Біріншіден, Гамбаның өзі келіп, жұмыс істеп жатқан жоқ. Ол кеңесші ретінде қашықтықтан жұмыс істеп жатыр. Ал адам көзімен көріп, қолымен ұстамаған нәрсені, жанымен сезбейді», - деді Жұмақанов.
Ол кез келген бапкердің шәкірттерімен бірге жүруі керектігін атады.
«Мысалы, мен ұлттық құрамада балалармен бірге жүріп, бірге тамақтанып, бар нәрсені көріп, бір ауа жұтпасам, жағдайын түсіне алмаймын. Гамба туралы да солай айтамын. Эцио Гамба ұлттық құрамада бізбен бірге жүрмегендіктен, оның беріп жатқан тапсырмалары толық орындалып жатқанына сене алмаймын. Күмәнім бар. Оның командасы жұмыс істеп жатыр, ал өзі елімізде жоқ. Оның нәтижесін алдағы уақытта көрерміз, өзіміздің құрамаға жамандық тілемеймін», - деді Елдос Жұмақанов.
Италия тумасы, Ресей азаматы Эцио Гамбамен әріптестік орнатуды Туризм және спорт министрлігі былтыр қолға алған болатын. Кейін ол командасымен елге келетіні айтылды.
1bol.kz-ке берген сенімді дереккөздің мәліметінше, қазіргі уақытта бас бапкерлік міндетті ресейлік Роберт Мшвидобадзе атқарып жатыр. Роберт Мшвидобадзе – екі дүркін Еуропа чемпионы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері. Ол 60 келіде күресіп, Токио Олимпиадасына қатысқан. Ал бұған дейін бас бапкер қызметін атқарған Нұрбол Сүлейменов қызметінен босатылғаны белгілі болды.