Балуанның тойында спорт саласының жұлдыздары бас қосты
Еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан үйлену тойын өткізіп, танымал спорт жұлдыздары құрметті қонақтар қатарында болды.
Спортшының тойы Алматыдағы мейрамханалардың бірінде өткен. Желіде жарияланған көптеген бейнежазбалардан балуанның қуанышын бөлісуге Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, еркін күрестен Олимпиада жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, әлем чемпиондары Нұрқожа Қайпанов, Санжар Тәшкенбай, Магомед Куруглиев, егіз боксшылар Айбек пен Нұрбек Оралбайлар келгенін байқауға болады. Ал кәсіпқой боксшы Марат Мәзімбаевтың құдалар жағынан келген көрінеді.
Спортшының үйленетіні туралы ақпарат 2024 жылдың соңына таман белгілі болған еді. Ол қыркүйек айында сүйгеніне ұсыныс жасап, үйленуге ниетті екенін білдірген. Сонымен бірге, олар Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Құрбановтың тойында алғаш рет жұрт көзіне түскен еді.
Ризабек Айтмұқан 2023 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында еркін күрестен 92 келіде топ жарды. Былтыр қыркүйек айында 20 және 23 жастағылар арасында әлем чемпионатының үздігі болды. Сондай-ақ, ол наурыз айының соңында Амманда өткен Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды.