Күрес федерациясының басшысы легионерлерді шетінен құрамадан шығарып жатыр
Еуропа чемпионатында топ жарған еркін күрес балуаны Магомед Рамазановты болгариялық жанкүйерлер әуежайдан күтіп алмағаны белгілі болды. Осыдан кейін Болгария күрес федерациясы басшылығы сын астында қалған.
Словакияның Братислава қаласында өткен күрес түрлерінен Еуропа біріншілігінде алтын медаль жеңіп алған Олимпиада чемпионы Магомед Рамазановты тек жақын достары қарсы алған.
Бұл шешім Федерацияның жаңа президенті, Еуропа мен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Станка Златеваның тікелей нұсқауымен қабылданған көрінеді. Бұлай істеуіне – түбі дағыстандық Рамазановтың болгар тілінде сөйлемейтіні себеп болған. Сол себепті онымен «әңгімелесуге ешқандай негіз жоқ» дейді.
«Ол өзі өнер көрсететін елдің тілін үйренсін», – деп қысқа мәлімдеді Станка Златева оқиғаға қатысты.
Айта кететін жайт, Болгария құрамасы еркін күрестен соңғы 20 жылда Еуропа чемпионаттарында алтын медальға қол жеткізе алмай келген еді. Биыл ұзаққа созылған бұл үзілісті Олимпиада чемпионы Магомед Рамазанов бұзып, 86 келі салмақта Болгарияға ерекше сый жасады.
Златеваның бұл әрекеті болгариялық спорт қауымдастығында және халықаралық аренада қызу талқыға түсіп, ауыр сынға ұшырады.
Магомед Рамазанов былтыр Париж Олимпиадасында 86 келіде күресіп, топ жарған. Ол финалда әйгілі парсы балуаны, Олимпиада чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы Хасан Язданиді ірі есеппен жеңді.
Жақында Болгарияның күрес федерациясы тіл білмейтін легионер балуандарынан бас тартатынын хабарлады. Оның ішінде Рамазановтан бөлек украиналық легионер, грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының чемпионы Семён Новиков та бар.