Боксшы оқырмандарына тіл туралы ескерту жасады
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тіл мәселесін көтерген болатын. Президенттің айтқан сөзін әлеуметтік желіде кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас бөлісіп, оқырмандарына тіл туралы ескертуін жасап қойды.
Айта кетейік, сессия барысында президент азаматтардың бір-бірін қандай да бір тілде сөйлеуге мәжбүрлеуге болмайтынын айтты. Сондай-ақ ол ел ішіне іріткі салуға тырысқандар заң алдында қатаң жауап беретінін еске салды.
«Елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуі тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз», — деді Тоқаев.