Жалғыз Абиба Абужақынова ғана бір қола медаль еншіледі
Душанбеде (Тәжікстан) дзюдодан өтіп жатқан әлемдік Гран Слэм турнирінің соңғы күнінде татамиге шыққан қазақстандық 2 дзюдошы алғашқы айналымнан аса алмады.
Атап өтер болсақ, -100 келіде бақ сынаған Естай Ермұхан мен Мұхаммедали Мавлидов жарыс жолынан ерте шығып қалды.
Ермұхан түркіменстандық Баймурат Мажановтан иппонмен жеңілсе, Мұхаммедали Кароматулло Хакимовтан екі вазари ұпайымен есе жіберді.
Еске салайық, кеше де 3 дзюдошымыз жарыс жолын алғашқы айналынан аяқтаған еді.
Осылайша Душанбедегі турнирде Абиба Абужақынова ғана жүлдеге ілігіп, ұлттық құраманың қоржынына бір қола медаль салды.
Айта кетейік, Душанбеге Қазақстан құрамасы бірінші номерлі дзюдошыларын алып барған жоқ (Абиба Абужақыновадан басқа). Негізгі құрам Астанада өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam турниріне дайындалып жатыр.
Гран Слэм турнирі 9-11 мамыр аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.