Қазақстан қоржынында осымен 2 күміс, 4 қола медаль бар
Дзюдодан Астана қаласында өтіп жатқан Гранд Слэм жарысының екінші күні 81 келіде бақ сынаған Абылайхан Жұбаназар қола медальға ие болды. Үшінші орын үшін болған белдесуде ол италиялық Мануель Парлатиден айласын асырды.
Абылайхан осы жарыста жартылай финалға жетіп сүрінді. Алдымен Грекия балуаны Арис Зарагкасты шидо саны бойынша жеңді. Екінші белдесуде тәжікстандық Мухаммад Юсуфзоданың қос жауырынын жер иіскетті. Ширек финалда гүржі дзюдошысы Заур Двалашвилиді вазари ұпайымен жеңіп, жартылай финалға шыққан болатын. Жартылай финалдық белдесуде Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегері Оңтүстік Корея балуаны Ли Жунхваннан иппонмен жеңілді.
Бұл – Абылайханның жыл басынан бергі екінші жарысы. Екі жарыстан да медаль олжалады. Наурыз айында Ташкенттегі Гранд Слэмде де ол қола медаль еншілеген.
Сонымен қатар, Абылайхан Жұбаназар осымен Астанада өткен Гран Слэмде қатарынан екі рет жүлдеге ілігіп отыр. Өткен жылы да ол қола медаль алған.
Айта кетейік, жарыстың екі күнгі қорытындысы бойынша Қазақстан дзюдошылары 6 медаль жеңіп алды.