Күрестен Қырғызстан чемпионатында ерекше жайт тіркелді

Редактор
10.01.2024, 10:07

Соңғы жылдары қырғыз балуандары әлем чемпионаттарында жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр

Фото ашық дереккөзден

Еркін күрестен Қырғызстан чемпионатында 65 келіде жүлде алған төрт балуанның бәрі де әлем чемпионатының жүлдегері. Бұған дейін мұндай нәтиже өзге елдердің ішкі жарыстарында мүлдем тіркелмеген.

Атап айтқанда, бірінші орын алған Ерназар Ахмадалиев әлем чемпионатында екі рет жүлде алған. Ол 23 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы.

Ал, екінші орын алған Әлібек Осмонов та еркін күрестен әлем чемпионатының жүлдегері. Спортшы 2021 жылы Ослода 61 келіде қола медальға қол жеткізген еді.

Үшінші орынға қол жеткізген Тайырбек Жұмашбек уулу былтыр Сербияда өткен дүниежүзілік біріншіліктің 61 келіде қола медаль иегері.

Сондай-ақ, екінші қоланы иеленген Ұлықбек Жолдошбеков 2019 жылы 23 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы атанған. Бұдан бөлек Ұлықбек Азия чемпионы, бірнеше дүркін жүлдегері.

Соңғы жылдары қырғыз балуандары әлем чемпионаттарында жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Сондай-ақ, былтыр елдің балуандары әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте АҚШ пен Жапониядан кейінгі үшінші орынға тұрақтады.