Мағжан Шамшадин қолдаушыларына алғыс айтты
Астанада 9-11 мамыр күндері дзюдодан өткен Barysy Grand Slam турнирінде 60 келіде сынға түсіп, қола жүлде иеленген Мағжан Шамшадин өзінің нәтижесіне қатысты пікір білдірді.
Ұлттық құраманың белгілі балуаны бір жылдан кейін халықаралық жарыстан жүлде алғанына назар аударды.
«Астанада өткен Grand Slam жарысында қола жүлдеге ие болдым. Осыдан тура екі жыл бұрын жарыс жеңімпазы атанған едім, араға уақыт салып тағы да жеңіс тұғырына көтерілу бұйырыпты. Соңғы рет жарыс жолына былтыр Душанбеде шыққан болатынмын. Бұл жүлдені өз басым ұзақ үзілістен кейінгі татамиге сәтті оралу деп айтар едім. Әрине, мақсат алтын еді. Алайда, қоланы да қанағат тұтамыз. Осы жеңісімді Жеңіс күніне арнадым», - деді Мағжан Шамшадин.
Дзюдошы жауапты турнирде өзіне қолдау көрсеткен барша жанға алғысын білдіріп, жарыс сайын жүлде алуға барын салатынын жеткізді.
«Жеңіске жету жолында жанымнан табылған барлық жанашырларыма, жаттықтырушыларым мен жақындарыма, жанкүйерлер мен командаластарыма, әсіресе, бізді қолдап отырған федерация басшылығына алғыс айтамын. Үйдегі жарыста жанкүйерлерімді қуантуды әдетке айналдырамын деп уәде беремін», - деді ол.
Мағжан Шамшадин былтыр Париж Олимпиадасына барудан үмітті болған балуанның бірі еді. Ол ұлттық құрама ішіндегі бәсекеден соң спаррингте өзінің әріптестері Елдос Сметов пен Нұрқанат Серікбаевпен белдесіп, есе жіберді. Осылайша ол Олимпиадаға қатысу мүмкіндігінен айырылды.
Дзюдошы сондай-ақ, 2024 жылдың соңында Ақтөбеде өткен ел чемпионатында күміс жүлдегер атанды.
Айта кететін жайт, Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде Қазақстан құрамасының балуандары 9 медаль иеленді. Алай отандық татами шеберлері алтын медальға қол жеткізе алған жоқ.