Ол өзін қолдаған көпшілікке алғысын жеткізді
Еркін күрестен Рио Олимпиадасының чемпионы Кайл Снайдер жезөкшелікке қарсы рейд барысында ұсталғаннан кейін алғаш рет көпшілікке мәлімдеме жасады. Ол Х әлеуметтік желісіндегі ресми аккаунтында жазба жариялап, көпшілікке алғысын жеткізді.
«Маған жылы сөз айтып, қолдау білдіргендердің бәріне алғыс айтқым келеді. Менің бар назарым Құдай Иса Мәсіхпен қарым-қатынасыма және отбасыммен байланысыма аударылған. Бұл – менің жолымның соңы емес», – деп жазды ол X парақшасында.
Сwcolumbus басылымының жазуанша, Кайл Снайдер ұсталған Колумбус қаласындағы жезөкшелікке қарсы рейдтің мән-жайына қатысты көптеген деректер анықталған. Қалалық полицияның өкілі, сержант Джо Альберттің мәліметінше, тергеушілер интернет арқылы жезөкшелік қызмет ұсынатын жалған хабарландырулар жариялаған.
Полицияның мәлімдемесіне сәйкес, жұма күні кешкі сағат 8-ден кейін құқық қорғаушылар жарияланған хабарламалардың біріне жауап ретінде жіберілген мәтіндік хабарламалар мен қоңырауларды қабылдай бастаған. Жедел хат-хабарлар мен қоңыраулар арқылы жақын маңдағы қонақүйде кездесу белгіленген. Біраз уақыттан соң қонақүйге келген Кайл Снайдер жыныстық қызмет алу үшін жасырын жұмыс істеген полиция қызметкеріне ақша төлеген. Кейіннен ол қонақүйдегі бөлмеде форма киген полицейлер тарапынан "жезөкшелікпен айналысу" бабы бойынша қолға түсті. Енді Снайдер алдағы дүйсенбі күні сотта жауап беретін болады.
Кайл Снайдер АҚШ тарихындағы ең табысты балуандардың бірі. Ол 2016 жылы Рио-де-Жанейродағы Олимпиадада 97 кг салмақта чемпион атанып, 20 жасында ең жас Олимпиада чемпионы болған америкалық алғашқы балуан саналады. Сондай-ақ, Токио-2020 Олимпиадасында күміс медаль иеленіп, үш дүркін әлем чемпионы ретінде танымал.
Айта кететін жайт, Снайдер жақында ғана «Real American Freestyle» атты жаңа балуандар лигасына қосылған болатын. Лиганың алғашқы шоуы 2025 жылдың тамыз айында Кливлендте өтеді деп жоспарланған