Отандасымыз наурыз айында Азия чемпионатында алтын алған
Еркін күрестен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов Біріккен күрес әлемі (UWW) тарапынан 2025 жылғы әлем чемпионатын ұтып алуы ықтимал балуандар қатарына енді. Наурыз айында Азия чемпионатында алтын алған отандасымызды UWW 74 келі салмақтағы ең мықты үміткерлердің бірі деп бағалады.
«Құрлықтық чемпионаттар артта қалды. Енді 74 келі салмақ дәрежесіндегі Азия, Еуропа, Пан-Америка және Африка чемпиондары арасынан кімдердің әлем чемпионатын ұтып алу мүмкіндігі жоғары деп ойлайсыз?» – деген сұрақпен UWW өз оқырмандарына сауал тастаған.
Бұл тізімге Нұрқожа Қайпановпен қатар Еуропа чемпионы Чермен Валиев (Албания), Пан-Америка чемпионы Ладарион Локкетт (АҚШ) және Африка чемпионы Омар Мурад (Мысыр) енген.
Айта кетейік, 2023 жылы Албания астанасы Тиранада өткен әлем чемпионатында Нұрқожа Қайпанов тамаша өнер көрсетті. Ол алғашқы айналымда Израиль балуанын 9:0 есебімен, екінші кезеңде Молдова өкілін 14:2 есебімен, ширек финалда грузин балуанын 12:2, жартылай финалда тәжік спортшысын 13:2 нәтижесімен айқын басымдықпен жеңді. Ал финалда Жапония балуанынан 5:3 есебімен басым түсіп, әлем чемпионы атанды.
Нұрқожа Қайпанов — Қазақстан тарихында еркін күрестен әлем чемпионы атанған екінші балуан. Чемпион отанға оралғанда күрес федерациясының бұрынғы президенті Ерлан Қожасбай балуанға қымбат көлік тарту еткен болатын.
Айта кететін жайт, биыл күрест түрлерінен әлем чемпионаты 13-21 қыркүйек күндері Хорватия астанасы Загреб қаласында өтеді.