Ол бар болғаны 3 жылға бас бостандығынан айырылды
Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі сот бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановты 3 жыл бас бостандығынан айырды.
Оған 2018 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы аймақаралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру кезінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылды.
Айыптау бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі — 1 млрд теңге.
Сол іске қатысты тағы бір тұлға сотталды. Success K компаниясының директоры Ляззат Көккөзова форумды ұйымдастырумен тікелей айналысқан. Ол аса ірі көлемдегі алаяқтық айыбымен 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қожағапанов сот процесі барысында өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, тергеу әділ өтпегенін айтып келді. Ол куәларға қысым көрсетілгенін мәлімдеп, істі бейтарап шешу үшін оны нейрожеліге тапсыруды ұсынған болатын. Процесс 5 айдан астам уақытқа созылды.
2018 жылы Петропавл қаласында өткен форумға сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин қатысқан.
Іс-шараны ұйымдастыруға жауапты Success компаниясы еді. Алайда Ерлан Қожағапанов бұл іс бойынша тек 2024 жылы, яғни 6 жылдан кейін ұсталды.