Қазіргі таңда ол Сербияның Суперлигасындағы «УБ» клубында өнер көрсетіп жүр
Қазақстан әйелдер волейбол құрамасының капитаны Сана Анарқұлова неліктен ел чемпионатынан бас тартып, шетелде өнер көрсетуді таңдағанын түсіндірді. Спортшы SPORT+ арнасына сұхбат берді.
Қазіргі таңда ол Сербияның Суперлигасындағы «УБ» клубында өнер көрсетіп жүр.
«Шыны керек, Қазақстан чемпионатында ойнау бір қалыпқа түсіп, ішімді пыстыра бастады. Кез келген кәсіби спортшы секілді, мен де өзімді басқа елде сынап көргім келді. Бұл қадамды бұрын жасауым керек еді, бірақ әртүрлі себептер қолбайлау болды.
Бастапқыда Азияға, нақтырақ айтсам, Қытайға барамын деп ойладым. «Туран» клубында бізбен бірге бір қытайлық ойыншы болды, ол үнемі: «Сен Қытайда ойнай аласың» деп айтып жүретін. Бір агент те Қытайға шақырды, бірақ «алдымен сынақтан өтесің» деді. Бұл ұсыныс мені онша қуантпады. Себебі мен жас спортшы емеспін - менің ойындарымды YouTube желісінен-ақ көріп, бағалауға болады. Сол сәтте ішімде бір қарсылық пайда болды», - дейді спортшы.
Осылайша волейболшы қызға сербиялық клубтан тікелей ұсыныс түскен.
«Күтпеген жерден Сербиядан нақты ұсыныс түсті. Ең қызығы, ешқандай агентсіз, тікелей байланыс орнатылды. Сол күні күйеуіммен бірге көлікпен кетіп бара жатқанбыз. Маған келісімшарт жіберілді. Біраз ойландым. Бірақ күйеуім: «Қол қой, бұл – сен үшін мүмкіндік» деді. Сенбейсіздер, бірақ мен жай ғана телефоным арқылы келісім беріп, қол қойдым», - деді Сана Анарқұлова.