Абэ өзбек дзюдошысынан реванш алатынын атап өтті
Дзюдодан Олимпиада чемпионы және бес дүркін әлем чемпионы Ута Абэ 2024 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы өзбекстандық Диёра Келдиёрованың 2025 жылғы әлем чемпионатына келе алмағанына өкініш білдірді
Жапониялық балуан Будапешттегі жеңісінен кейін Келдиёровада кеткен есесі барын еске алды.
«Мен үшін Олимпиададан кейінгі ұзақ жыл болды, чемпиондық атаққа қол жеткізуді мақсат тұттым. Келдиёрованың әлем чемпионатына қатыспағанына біраз қынжылдым. Ол жақын арада қайта оралады деп үміттенемін және сол кезде мен одан реванш аламын!» – деді Абэ.
Ал өзбек қызы осыдан біраз уақыт бұрын ғана сәби күтіп жүргенін мәлімдеген. Соған қарамастан 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарына қатысатынын алға тартты.
2025 жылы Будапештте өткен әлем чемпионатында Абэ 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль иеленді.
Айта кетейік, 2020 жылғы Олимпиада чемпионы Ута Абэ Парижде өткен Олимпиада ойындарының 1/16 финалында өзбекстандық дзюдошы Диёра Келдиёровадан сенсациялық түрде жеңіліп қалған болатын.