Өзбекстан дзюдошылары әлем чемпионатында түгел жеңіліп қалды

Бүгін, 00:56

Қазақстан болса небәрі бір күміс медальмен жарысты аяқтады

Olamsport

Будапеште өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатында жекелей сын бәсекелері аяқталды. Биылғы ірі жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп келген Өзбекстан балуандары бұл жолы мүлдем жүлдеге іліне алған жоқ.

Әлем чемпионатына Өзбекстан атынан барлығы 18 дзюдошы келген. Араларында -81 келі салмақта Арслонбек Тожиев сенсация жасаған. Ол алғашқы айналымдардың бірінде жапониялық Олимпиада чемпионы Таканори Нагасэні жеңіп, оны жарыс жолынан шығарған. Алайда, өзі жарысты небәрі 5-орынмен аяқтады.

Айта кету керек, бұл әлем чемпионатына Өзбекстан дзюдосының көшбасшылары – Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Давлат Бобонов пен Олимпиада чемпионы Диера Келдиерова қатысқан жоқ.

Жалпыкомандалық есепте Жапония 6 алтын, 4 күміс, 4 қола жүлдемен көш бастаса, 2-орынды 3 алтын, 2 күміспен Халықаралық дзюдо федерациясының атынан сынға түскен спортшылар иемденіп отыр. Үздік үштікті Италия елі 2 алтын жүлдемен түйіндеді.

Ал, Қазақстан құрамасы жарысты небәрі бір күміс медальмен аяқтады. Қыздар құрамасының көшбасшысы Абиба Әбужақынова финалға дейін жетіп, Италия балуанынан жеңілген болатын. Ал, ерлер құрамасынан барған дзюдошыларымыздың бәрі жаппай жеңілді.