Спортшы Қырғызстандағы жағдай туралы айтты
Қырғызстандық танымал балуан, грек-рим күресінен Париж олимпиадасының қола жүлдегері Ақжол Махмұдов «Уақыт көрсетеді» YouTube арнасына берген сұхбатында жалақысы жайлы сауалға жауап берді.
«Мемлекеттен 50 мың сом (шамамен 297 мың теңге) беріледі. Бұл да жаман емес. Өзімнің бөлек кірісім бар, бірақ мемлекеттен берілетін жалақының көлемі осы. Жағдай біртін-біртін түзеліп келеді. Соңғы жылдары қырғызстандық спортшылар көптеген халықаралық жарыстарда үздіктер қатарынан көрініп жүр. Мемлекет еңбегімізді елеп жатыр. Қырғызстанда спортшылардың жалақысы мемлекеттік қызметкерлер арасында үшінші орында шығар деп ойлаймын. Әскери қызметкерлер, дәрігерлер, сосын біз. Экономикалық жағдайды ескерсек, бұл жақсы саналады, бірақ басқа мемлекеттермен салыстырғанда аз», - деді балуан.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасының ширек финалында қазақстандық Демеу Жадыраев әйгілі қырғыз балуаны, екі дүркін әлем чемпионы Ақжол Махмұдовты тізе бүктіріп, финал нәтижесі бойынша қазақстандық спортшы күміс, Махмұдов қола иеленген болатын.