Әлем чемпионатында қазақстандық дзюдошылар командасы жаппай жеңілді

Редактор
20.06.2025, 15:30

Ұлттық құрама алғашқы айналымда Бразилияға есе жіберді

t.me/kazjudoteam

Дзюдодан Мажарстан астанасы Будапешттегі әлем чемпионатының командалық сайысы да Қазақстан үшін сәтсіз аяқталды.

Ұлттық құрама жеребе бойынша Бразилияға қарсылас атанған. Ереже бойынша ерлер мен әйелдер аралас құрамда өнер көрсетті. Алты салмақтың қорытындысы бойынша ең көп жеңісі бар команда ширек финалға өтуі тиіс болған. Бірақ Қазақстанның алғашқы төрт балуаны да қарсыласына есе жіберіп, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды.

Атап айтсақ, Көркем Орынбек (-70 келі), Ақерке Рамазанова (+70 келі), Ермахан Әнуарбеков (-90 келі), Еламан Ерғалиев (+90 келі) жеңіліс тапты. Сөйтіп Бразилия ширек финалға өтті.
Осылайша Қазақстан үшін әлем чемпионаты аяқталды. Жеке сында Абиба Әбужақынованың күміс жүлдесі бар. Ерлер құрамасынан тоғыз балуанның бәрі жеңілді.