Қазақстандық бизнесмен танымал бапкерді сақтап қала алмаған басшыларды сынады

Редактор
03.07.2025, 12:25

Дағыстан құрамасын жаттықтыратын Юсуповтің шәкірттері Ресейде 10 алтын медальдің тоғызын иелінді

instagram.com/erlan_sadu9

Еркін күрестен Қазақстан құрамасында бас бапкер кеңесшісі болған, бүгінде Дағыстан құрамасын жаттықтыратын Маирбек Юсуповтің шәкірттері Ресей чемпионатында 10 алтын медальдің тоғызын иелінді.

Өзі Қарағандыда туып, кейіннен Ресейге қоныс аударған маманның танымал шәкірттері көп. Кезінде елімізде жүріп Нұрқожа Қайпанов, Ризабек Айтмұхан, Дәулет Ниязбеков, Азамата Дәулетбеков, Данияр Қайсановтардың қанатының қатаюына көмектескен Юсупов Азия және әлем чемпионаттарының көптеген жүлдегерін даярлаған.

Дегенмен келісімшарт мерзімі ұзартылған жоқ. Білікті маманның кезекті жетістігінен соң еліміздің грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының бұрынғы президенті, «Сәду» еркін күрес академиясының негізін қалаушы Ерлан Қожасбай құраманың қателік жасағанын алға тартты. Ол отандық күреске серпін әкелген Юсуповті қатарда алып қала алмағанымызды сынады.

«Біз көп нәрсені өзгерте алатын мықты бапкерден айырылып қалдық. Ол Қазақстан құрамасында өз ізін қалдырды. Маирбек Юсупов Қазақстан құрамасының кеңесшісі болды. Ол тек жаттықтырумен шектелген жоқ, ол жүйе құрды. Оның басшылығымен Қазақстан құрамасы 2019 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болып, Токиода өткен Олимпиадада бесінші орын алды. Бірақ онымен келісімшарт ұзартылмады. Кейін оны Қытай шақырды. Үш жыл ішінде ол Аспанасты елінің құрамасын биік деңгейге көтеріп, енді Дағыстанға оралғанда, оның командасы Ресей чемпионатында 10 алтынның 9-ын жеңіп алды. Бұл – кездейсоқтық емес. Бұл – жүйелі жұмыстың жемісі. Ал біз тағы да бір сарынды, орнында айналып жүрген күйдеміз. Ескі әдеттен шыға алмай келеміз. Өзгерістен қорқамыз. Сол баяғы адамдар, сол баяғы әдістер, сол баяғы қысқа ойлау. Ал дәл Маирбек Юсупов сияқты мамандар бізді осы тығырықтан алып шығып, алға бастай алатын еді...» - деп жазды Ерлан Қожасбай.

 

Материалда: