Улугбек Рашитов өзіне тағылған айыпқа қатысты ресми мәлімдеме жасады
Таэквондодан екі дүркін Олимпиада чемпионы өзбекстандық Улугбек Рашитов екі жылға жарыстардан шеттетілді. Бұл туралы Халықаралық допингке тестілеу агенттігі (ITA) ресми хабарлады.
Шешім спортшының антидопинг ережелерін бұзғаны үшін қабылданған. Рашитов 12 ай ішінде үш рет өзінің тұрған жері туралы ақпаратты уақытылы ұсынбаған. Бұл допинг-бақылаудың басты талаптарының бірі саналады. 23 жастағы спортшы қолданылған санкцияға келісімін берді. Енді ол 2027 жылдың 12 мамырына дейін ірі халықаралық жарыстарға қатыса алмайды. Сондай-ақ, 2025 жылдың 3 ақпанынан бастап қол жеткізген барлық нәтижелері жойылды.
Даңқты таэквондошы Instagram парақшасында жариялаған бейнеүндеуінде осы мәселеге алғаш рет түсініктеме берді.
«Соңғы күндері бәріңіз естіп жатқан боларсыздар, мені екі жылға жарыстардан шеттетті. Бірақ бір нәрсені анық айтқым келеді: бұл тыйым салынған препарат қолданғанымнан емес, тұрған жеріме қатысты ережелерді дұрыс орындамағанымнан болды. Маған алдын ала еш ескерту жасалмады, бірден хат жіберді. Оны оқығанда, шынымды айтсам, есеңгіреп қалдым. Бұл жағдай мен үшін ауыр сабақ болды. Енді бұдан да мықты болып ораламын. 2028 Лос-Анджелес, күт мені. Барлық жанкүйерлеріме қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын», — деді Рашитов.
Айта кетейік, Улуғбек Рашитов – Өзбекстан тарихындағы алғашқы екі дүркін Олимпиада чемпионы. Ол енді тек 2027 жылдың мамырынан кейін қайтадан халықаралық аренаға орала алады.