Соңғы жылдары ол бапкерлікпен айналысып жүрген еді
2010 жылы Ванкуверде өткен қысқы Олимпиада ойындарында ски-кросстан қола жүлдегер атанған Эудун Гренвольд найзағай түсіп қайтыс болды. Бұл туралы сәрсенбі күні NRK басылымы хабарлады.
49 жастағы спортшының әйелі Кристин Тандберг Хаугсьяның айтуынша, оқиға өздерінің коттеджінде демалып жатқан сәтте болған. Гренвольдке дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілгенімен, бірнеше күннен кейін ол көз жұмды.
Гренвольд спорттық мансабын тау шаңғысы спортынан бастаған. Ол Әлем кубогы кезеңдеріне қатысып, 2003 және 2004 жылдары жылдам түсуден Норвегияның ұлттық чемпионы атанған.
2004 жылы ол фристайлға ауысып, ски-кросс жарыстарында өнер көрсете бастады. Үш жылдан соң Гренвольд әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болып, сол жылы Әлем кубогының жалпы есебінде жеңімпаз атанды. 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасында Норвегия құрамасы сапында тағы бір қола жүлде жеңіп алды. Кейін ол кәсіби спортпен қоштасып, Норвегияның ски-кросс құрамасын жаттықтыруға кіріскен еді.