Спортшы денесінің тауда қалуын қалаған
Әлем биатлонындағы ең атақты спортшылардың бірі, Германияның екі дүркін Олимпиада чемпионы Лаура Дальмайер 31 жасында Пәкістандағы тауларда қайтыс болды. Қайғылы оқиға 28 шілде күні күндіз Каракорум жотасында болған.
28 шілде күні күндіз Лаура Дальмайер серіктесімен бірге Лайла-Пик тауына (6069 метр) өрмелеп бара жатқанда қайғылы оқиға орын алды. Қайтар жолда, шамамен 5700 метр биіктікте, альпинистер тас көшкініне тап болған. Дальмайер ауыр жарақат алып, сол жерде қалып қойған. Серіктесі дін аман қалып, дереу құтқару қызметіне хабар берген.
Ол бірнеше сағат бойы қатты жараланған Дальмайерге көмектесуге тырысқанымен, ауа райы күрт бұзылып, қараңғы түсе бастаған. Спортшы тіршілік белгілерін көрсетпеген соң, серігі жалғыз өзі таудан төмен түсіп, етекте құтқарушыларға жолыққан.
Оқиға орнына тікұшақ тек 29 шілде күні таңертең ғана жете алды. Алайда аймақтағы күрделі жер бедері мен тоқтамаған тас көшкіні спортшының денесін эвакуациялауға мүмкіндік бермеген. dpa агенттігінің хабарлауынша, Дальмайер алдын ала жазбаша түрде: «Мені құтқару үшін ешкім өз өмірін қауіпке тікпеуі тиіс» деп ескерту қалдырған. Ол денесінің тауда қалуын қалаған. Оның бұл тілегін туыстары да қолдаған. Бұл туралы «Deutsche Welle» басылымы жазды.
Спорттағы жарқын мансабынан кейін Дальмайер альпинизмге ден қойған. 2019 жылы ол ресми түрде спорттық карьерасын аяқтады. 2024 жылдың қарашасында гималайлық Ама-Даблам (Непал) шыңына жылдам көтерілгені үшін рекорд орнатты. Пәкістанға ол маусым айының соңында барып, 8 шілдеде Грейт-Транго-Тауэр (6287 м) шыңын бағындырған.
Лаура Дальмайер биатлон тарихындағы ең табысты спортшылардың бірі болды. Ол алғаш рет Әлем кубогына 2013 жылы Ослода қатысып, 2015 жылы Германия құрамасы сапында әлем чемпионатында алтын медаль еншіледі. Жалпы есеппен ол жеті дүркін әлем чемпионы атанды.
2018 жылғы Пхёнчхан Олимпиадасында спринт пен із кесу жарыстарында алтын, ал жекелей сында қола медаль иеленді. 2017 жылы Германияда "Жыл спортшысы" атағын алды.
Айта кетейік, бұған дейін спортшыны жоғалып кеткені туралы жазған едік.