
Іздестіру жұмыстарына Пәкістан армиясы да тартылған
Пәкістанда тас көшкіні салдарынан Германияның әйгілі биатлоншысы, екі дүркін олимпиада чемпионы Лаура Дальмайер із-түссіз жоғалып кетті. Құтқару-іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бұл туралы BBC жазды.
Мәліметтерге сүйенсек, спортшы қыз 28 шілде күні серіктесімен бірге Каракорум тауында жартасқа өрмелеумен айналысып жүрген. Сол сәтте кенеттен тас көшкіні жүріп, Дальмайер соның астында қалған. Қасындағы ер адам бірден құтқару қызметіне хабарласқан.
Қиын метеожағдай мен таулы аумақтың қолжетімсіздігіне байланысты құтқарушылар тікұшақпен оқиға орнына тек келесі күні таңертең ғана жете алған.
Гилгит-Балтистан провинциясы үкіметінің өкілі Файзулла Фарактың айтуынша, іздестіру жұмыстарына Пәкістан армиясы да тартылған. Операция қазір де жалғасып жатыр.
Лаура Дальмайер – биатлон тарихындағы ең табысты спортшылардың бірі. Ол 2018 жылғы қысқы Олимпиадада екі алтын және бір қола медаль жеңіп алған. Атап айтқанда, ол қысқа қашықтыққа жарыста (спринт) және із кесу жарысында қатар жеңіске жеткен алғашқы әйел спортшы атанды.
Бұған қоса, ол әлем чемпионаттарында 15 жүлде иеленген, оның жетеуі – алтын. 2019 жылы, небәрі 25 жасында, Дальмайер кәсіби спорттағы мансабын аяқтағанын мәлімдеген болатын.