12 жастағы Юй Цзыди тарихта бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті
Сингапурде өтіп жатқан әлем чемпионатында 12 жастағы Юй Цзыди тарихта бұрын-соңды болмаған жетістікке жетіп, су спортының ең жас жүлдегері атанды.
Ол Қытай құрамасының сапында 4x200 метрлік еркін стильдегі эстафетада өнер көрсетіп, командасына қола медаль әперді. Финалда бірінші орынды – Австралия, екінші орынды – АҚШ еншілесе, Қытай қыздары үздік үштікті түйіндеді.
Цзыди жарыстың алдын ала кезеңінде жүзсе де, оның көрсеткіші командалық жүлдеге есепке алынып, тарихқа енді. Ол 2012 жылы туған, ал биыл қазанда небәрі 13-ке толады.
Бұл – Юй үшін алғашқы ірі халықаралық дода емес. Бұған дейін ол кешенді жүзуден (200 м) финалға жолдама алып, төртінші орынды қанағат тұтқан болатын.
Айта кетейік, былтыр Цзыди Олимпиадаға лицензия алған. Алайда Қытай бапкерлері жасын ескеріп, оны жарысқа қатыстырмады. Ал Сингапурдегі чемпионат – оның мансабындағы ең маңызды дебют.
Ал Қазақстан атынан жарыс жолына шыққан Глеб Коваленя 200 метрге шалқалай жүзуде 2:10.35 нәтижемен үздік 40 спортшы қатарына енді. Финалға тек үздік 16 ғана өтті.